Қарбыз саудасы қызып тұр
Облысымыздың диқандары қарбыздың алғашқы өнімін жинауға кірісті. Биыл бұл өңірде суару маусымы жылдағыдан 20 күнге ерте басталды. Бұған басты себеп — ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашынның аздығы. Осындай табиғи жағдайларға қарамастан, шаруалар мол өнімге қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Өңірдегі диқандардың айтуынша, суармалы судың уақытында жеткізілуі мен әділ бөлінуі ерте өнім алудың басты кепіліне айналған. Су тапшылығының алдын алу мақсатында егістік алқаптарда кезекпен суару жүйесі енгізілген. Бұл өз кезегінде су ресурстарын тиімді пайдалануға және барлық шаруаның тең жағдайда өнім алуына мүмкіндік берді.
– Биыл қарбызымыз ерте піскен соң, өнімді ішкі нарыққа дер кезінде жөнелтіп жатырмыз. Қазірдің өзінде Астана, Қарағанды, Алматы қалаларына тасымалдап үлгердік. Суды уақытында жеткізіп берген Су ресурстары және ирригация министрлігі мен жергілікті «Қазсушар» мекемесіне алғысымыз шексіз, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Тойшыбеков.
Диқан Ерлан Қоштаев та сала мамандары мен шаруалардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде егістік толық суарылып, өнім мол болғанын айтады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінде «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалы шаруалармен 3852 келісімшартқа отырып, 61 мың гектардан астам жерге су жеткізген. Жалпы көлемі 512 миллион текше метрден астам су шаруаларға үлестірілген. Мұндай көлемдегі судың әр гектарға әділ бөлінуі келісімшарт негізінде жүзеге асуда.
Сала өкілдерінің айтуынша, облысымызда биылғы маусымда қарбыз ғана емес, өзге де бақша дақылдарынан жақсы өнім күтілуде. Уақытында қолға алынған шаралар мен аграрлық саладағы үйлесімді жұмыс ауылшаруашылығының табысты болуына жол ашып отыр.