Қаратаудағы қызғалдақ мерекесі ұлттық рухты асқақтатты

0 5

Талас ауданындағы Қаратау баурайында өткен халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалі тек табиғат пен ғылымды дәріптеп қойған жоқ – ұлттық салт-дәстүр мен спорттың да мерекесіне айналды. Ұлы дала ойындары қайта жаңғырып, көрермендердің делебесін қоздырған думанды күндер ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлері ел рухын көтеріп, халықтың қызығушылығын арттырды. 300-ге жуық қатысушы аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, жілік шағу, дәстүрлі садақ ату, асық ату, арқан тарту және желке тарту секілді жарыстарда бақ сынады.

Көпшіліктің көзайымына айналған сайыстың бірі – құмай тазы жарысы болды. Дала шөлі мен таулы жерге бейімделген асыл текті тазылардың шабысын тамашалаған қонақтар – әсіресе шетелдіктер – ерекше әсерге бөленді. Төрешілер жылдамдығы мен ептілігі жоғары иттерді анықтап, үздіктерді марапаттады.

Барлық спорттық жарыстар демеушілердің қаржылай қолдауымен ұйымдастырылып, жалпы жүлде қоры 3 миллион 450 мың теңгені құрады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен марапаттар фестивальдің жабылу рәсімінде табысталды.

Нағыз ұлттық рухтың алаңына айналған шараны көкпар додасы одан сайын қыздыра түсті. Тұлпарлардың дүбірі мен шабандоздардың шеберлігі көрермендердің делебесін қоздырып, далалық батырлық рухты асқақтатты.

Фестиваль аясында ұлттық мұраның тағы бір көрінісі – ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтерді. Онда ұйымдастырылған қолөнершілер жәрмеңкесі нағыз шығармашылық шеберлік алаңына айналды. 150-ге жуық ісмер өз бұйымдарын – жүннен жасалған киімдер, қыз жасауы, тұрмыстық заттар мен қолмен тоқылған ойыншықтарды көпшілік назарына ұсынды.

Бұл көрме – қазақтың қолөнерге деген ежелгі махаббатын, ою-өрнекке, бояу мен бұйымға берген эстетикалық талғамын паш етті. Әр туынды – шеберлердің шеберлігін ғана емес, халықтың мәдени болмысын танытатын төл мұра.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі – бір күндік мереке емес, ұлттық сана мен табиғи танымның түйісу алаңы. Қаратаудың бөктерінде өткен бұл үлкен іс-шара елдің рухын көтеріп, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің мәңгілігін тағы бір дәлелдеді.