Қаратауда қияр өсіріп, табыс тапқан отбасы

0 118

Ауылшаруашылығын дамыту – елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың маңызды тетігі. Осы бағытта мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл бастама ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, табыс көзін қалыптастыруына кең мүмкіндік беріп отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Қаратау қаласында аталған жоба аясында жүзеге асып жатқан табысты істер аз емес. Соның бірі – жергілікті тұрғын Мақсат Абдалиевтің жылыжай шаруашылығы. Ол Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, 3 миллион теңгеге 90 шаршы метр аумаққа заманауи жылыжай салған. Нәтижесінде қияр өсіруді жолға қойып, алғашқы өнімін нарыққа шығарды.

Жылыжай толықтай тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Кәсіп иесі бұл істі жұбайы Арайлым Бақытқызымен бірлесіп жүргізіп келеді. Еңбектің нәтижесі де көп күттірмеген. Бүгінде жылыжайда өсірілген қияр Қаратау қаласындағы бірнеше сауда нүктесіне жеткізіліп, тұрғындардың сұранысына ие болып отыр. Сонымен қатар өнімді үйден тікелей алып кететіндер де бар.

– Қаратау қаласында тұрып-ақ бау-бақша өсіруге болатынын дәлелдегіміз келді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, әсіресе 2,5 пайыздық несие біздің жұмысымыздың алға басуына үлкен ықпал етті. Бұл тек маған емес, көптеген азаматтарға берілген нақты мүмкіндік деп ойлаймын. Қазір өнімімізді жергілікті дүкендерге өткізіп отырмыз. Бағасы да өзімізге де, тұтынушыға да қолайлы. Адал еңбектің өтеуі болуы тиіс, – дейді Мақсат Серікұлы.

Оның айтуынша, бұл кәсіпке келуі де тегін емес. Анасы Ұлмекен апа өмір бойы бау-бақша, көкөніс өсірумен айналысқан. Өкінішке қарай, бүгінде ол кісі өмірде жоқ. Дегенмен, анасының еңбегін балалары жалғастырып отыр. Әкесі Серік Абдалиев те ауыр жұмыстан қашпай, ұзақ жылдар көлік жүргізушісі болған. Осындай еңбекқорлық Мақсаттың да бойына дарыған.

Қазіргі таңда кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтып, алдағы уақытта қосымша 4–5 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жылыжайдағы жұмыс жеңіл емес, алайда маңдай термен келген табыстың берекесі мол екенін айтады.

– Бұл – таза қолдың еңбегі. Жұмысшыларға төленетін жалақы да көңіл көншітерлік. Қала, аудан әкімдігі тарапынан да қолдау мен назар бар. Жұмысымыз алға басса, тағы да адамдарды жұмыспен қамтығымыз келеді. Қуантатыны – мектептің жоғары сыныптарында оқитын ұлым мен қызым қолқанат болып жүр. Осы арқылы оларды жастайынан еңбекке баулып жатқанымызға ризамын, – дейді ол.

Қаратау қаласында осындай ілкімді істердің көбеюі өңір экономикасының дамуына серпін беріп, ауылшаруашылығының әлеуетін арттырары сөзсіз. «Ауыл аманаты» секілді жобалардың нақты нәтижесі – осындай еңбектен, табандылықтан және елге деген сенімнен көрініс табуда.