Қайтарылған қаржыға мектептер салынып жатыр

0 192

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекетке заңсыз жолмен өткен активтерді қайтару жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалу барысы қаралып, қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның есебі тыңдалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы шамамен 610 миллиард теңге көлемінде актив қайтарылған. Оның ішінде 506 миллиард теңге – ақшалай қаражат, 103 миллиард теңге – әртүрлі сипаттағы мүліктер.

Қайтарылған қаражаттар арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы қор есебінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қорғау және коммуналдық инфрақұрылым салаларында 280 нысанды салу және жаңғыртуға қаржы бөлінген.

Мысалы, Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған. Осы қордың қаржысы арқылы өңірде алты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл білім ошақтарының алғашқысы 2025 жылдың мамыр айында пайдалануға берілмек.

Отырыста комиссия жаңа ерікті түрде актив қайтару туралы келісімдерді мақұлдады. Осы келісімдер аясында арнайы қорға қосымша 150 миллиард теңгеге жуық қаржы аударылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, актив иелері Қазақстан экономикасына 10,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу міндеттемесін қабылдады.

Бұл келісімдер әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, ел болашағына жасалған маңызды инвестиция ретінде бағаланып отыр.

Сондай-ақ комиссия заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы заң аясында бірқатар тұлғаларға қатысты сотқа талап-арыз жолдау бастамасын қолдады. Бұл істер бойынша мемлекет пайдасына өндірілетін қаражаттың жалпы көлемі 84 миллиард теңгеден асады.