Президент Тараздағы әскери мектеп-интернатына автобус сыйға тартты

0 24

Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігімен танысты. Президент білім ордасының оқу кабинеттерін, заманауи жабдықталған спорт залын аралап көріп, оқу үдерісінің ұйымдастырылу барысына назар аударды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бүгінде аталған әскери мектеп-интернатта 180 жасөспірім білім алып, толықтай интернатта тұрады. Оқушылар тегін тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етілген. Білім беру бағдарламасы 7–11 сынып оқушыларына арналған және жалпы білім берумен қатар әскери бағыттағы пәндерді қамтиды.

Мектептің басты мақсаты – болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелеу, жасөспірімдердің бойына отансүйгіштік рух пен әскери тәртіпті сіңіру. Бұл бағытта интернатта сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Курсанттар роботты техникамен айналысып, дрон басқару дағдыларын меңгереді, сондай-ақ жасанды интеллект негіздеріне қанығады. Бұдан бөлек, болашақ әскери қызметшілер үшін ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады.

Мемлекет басшысы оқушылармен жүздесіп, әңгіме барысында елде әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, мұндай оқу орындары жастарды тәртіпке, жауапкершілікке баулып қана қоймай, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады.

Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери мектеп-интернатқа ерекше сый жасады. Білім ордасына даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының портреті және отандық өндірісте құрастырылған жаңа мектеп автобусы тарту етілді. Бұл сыйлықтар жас курсанттарға рухани серпін беріп, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайта түспек.

Президенттің бұл сапары өңірдегі әскери-патриоттық тәрбие мен білім беру ісіне жаңа серпін беріп, жас ұрпақтың ел болашағы жолындағы жауапкершілігін арттыра түскені анық.