Президент құттықтауын тапсырды

0 101

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан құрмет көрсетті. Өңір басшысы жамбылдық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Әуелі 99 жастағы ардагер Мүтәліп Ережепбаевтың шаңырағында болды. Талас ауданының тумасы 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Жеңістен кейін әйгілі Брест қаласын қалпына келтіруге қатысқан. 1950 жылы елге оралып, партия жұмыстарына белсене араласып, журналистика саласында жемісті еңбек еткен. «II дәрежелі Отан соғысы» ордені мен түрлі медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған. Шығармашылықты жанына серік еткен майдангер- қарияның бірнеше жинағы жарық көрген. Бүгінде өмірлік серігімен бірге ұрпағының ортасында, немере-шөбересінің қызығына бөленіп отыр.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев Ұлы Отан соғысының ардагері Геннадий Ивановты да құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Геннадий Иванов 1926 жылы дүниеге келген. 1943 жылы, небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынып, 1945 жылдың маусым айына дейін майдан шебінде жауынгерлік ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін әскери қызметін жалғастырған. Запасқа шыққан соң педагогикалық институтты аяқтап, ұзақ жылдар бойы қала мектептерінде математика пәнінен сабақ берген. «II дәрежелі Отан соғысы» ордені және 12 мерекелік медальмен марапатталған.

Бұл күні Ербол Қарашөкеев қарт майдангерлер — Шалданбай Шанбаев, Иван Макеев және Григорий Нещеретневке де Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, мерекелік марапаттарын табыстады. Облыс әкімі майдангерлердің ерлік жолы – жас ұрпақ үшін мәңгілік өнеге екенін атап өтіп, ардагерлерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.