Президент «Masdar» және «ADNOC» компаниясының басшыларын қабылдады

0 124

Мемлекет басшысы «Masdar» компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи мен «ADNOC» компаниясының қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салминді қабылдады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабиге жұмыс сапары аясында «Masdar» компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен «Masdar» компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады.

Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жоба аясында жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Рамахи «Masdar» компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.

Кездесуге «Abu Dhabi National Oil Company» (ADNOC) қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салмин де қатысты.

Президент еліміздің «ADNOC» компаниясымен серіктестікті одан әрі дамытуға баса мән беретінін атап өтті.

Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларына тоқталды.

Кездесуде мұнай-газбен қатар геологиялық барлау ісіндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.