Президент энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Ақордада өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтіп, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды.
«Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.