Премьер-министр өрт қаупі жоғары кезеңге дайындықты күшейтуді тапсырды

0 60

Олжас Бектенов Абай облысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Экология министрлігі — өңірлерді авиапатрульдеумен толыққанды қамтамасыз етсін. Өрт қаупі жоғары кезеңде тікұшақтардың кезекшілігіне қатысты келісімшарт жасауды тездету керек. Әуе кемелері су шашатын құрылғылармен жабдықталып, орман қорына жақын маңда шоғырлануы тиіс. Сондай-ақ өрттің пайда болу қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттері орналастырылсын. Ормандар мен даланы аэровизуалды шолып зерттеу үшін пилотсыз аппараттарды белсенді пайдалану қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өздерінің әуе кемелерін жұмылдыруы керек. Сонымен қатар Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациялық бөлімшелері де әуеден бақылау және өрт сөндіру жұмыстарына тартылып, өңірлер бойынша тікұшақтардың орналасуы қамтамасыз етілсін.

Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге табиғи өрттерге қарсы әрекет ету жөніндегі республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шараларын ұйымдастырып, өткізсін. Оқу-жаттығу барысында трансшекаралық өрттерді сөндіру және көрші мемлекеттердің қызметтерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін пысықтау қажет. Сондай-ақ оқу-жаттығуға «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттерін де тарту керек. Қазіргі таңда олар барлық өңірлерде белсенді түрде құрылып жатыр. Біз бұл бағытта жұмысты одан әрі жалғастырып, табиғи өрттерді сөндіру кезінде олардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығында өрт қаупі жоғары кезеңде мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған жедел штаб құру қажет. Штаб жұмысы аясында өңірлердегі өрт жағдайын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету керек.

Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, табиғатты қорғау және орман мекемелерін одан әрі жарақтандыру жұмыстарын жалғастырсын. Әкімдіктермен, Жасанды интеллект министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өрттерді ерте анықтау жүйелерімен қамту аясын кеңейтіп, олардың «Семей орманы» резерватының аумағында да жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет.

Жасанды интеллект министрлігі өрттерді болжау және сөндіру алгоритмдері үшін қолданыстағы ақпараттық жүйелердің әзірлігін қамтамасыз етсін. Бұл орайда жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану қажет. Болжау нәтижелерін әкімдіктерге және тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу керек.

Әкімдіктер елді мекендерде ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырсын. Сондай-ақ өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажетті қорларын қамтамасыз еткен жөн. Өрт сөндіру көліктері мен тікұшақтар су алу үшін қажетті су көздерін дайындау керек. Осы ұйымдастыру мәселелерінің барлығын 20-шы сәуірге дейін шешу қажет.

ІІМ — өрт қаупі жоғары кезеңде ормандарда азаматтардың демалуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдасын. Рейдтер мен патрульдеу кестесін жасаңыздар. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылардың барлығын жауапкершілікке тарту қажет.

Төтенше жағдайлар, Экология, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиіс.

Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Бұдан бұрын Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Онда 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.