Полиция қызметкерлеріне бейнетіркегіш құрылғылар бекітілді
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығымен құқық бұзушылық фактілерін және полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерін тіркеуге арналған техникалық құралдардың натуралды нормалары бекітілді. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлады.
Жаңа бұйрыққа сәйкес, портативті бейнетіркегіш құрылғылар (видеожетондар) төмендегі тәртіппен бөлінеді:
-
әрбір патрульдік полиция қызметкеріне – 1 комплект;
-
көлік және метрополитендегі патрульдік полицияның әрбір нарядына (ауысымына) – 1 комплект;
-
әрбір учаскелік полиция инспекторына – 1 комплект;
-
заңсыз көші-қонға қарсы күрес арнайы бөлімшесінің әрбір қызметкеріне – 1 комплект;
-
ішкі істер органдарының әрбір жедел-тергеу тобына – 1 комплект.
Сонымен қатар, бейнетіркегіштерді қуаттау, архивтеу және сақтау үшін арналған мультимедиялық терминал станциялары (бір станция 56 бейнетіркегішке дейін қызмет көрсете алады) мына мекемелерге беріледі:
-
әрбір облыстық полиция департаментіне;
-
көліктегі полиция департаментіне;
-
қалалық, аудандық және желілік ішкі істер органдарына;
-
ішкі істер органдарының әрбір кезекші бөліміне.
Жабдықтардың пайдалану мерзімі – 7 жыл деп белгіленген.
Аталған бұйрық 2025 жылғы 31 мамырдан бастап заңды күшіне енеді.
Ішкі істер министрлігі бұл жаңашылдық тәртіп сақшыларының жұмысын ашық жүргізуге, азаматтар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алуға оң ықпал етеді деп күтуде.