Парламент палаталарының бірлескен отырысы 2 қыркүйекте өтеді
Парламент палаталарының бірлескен отырысы 2 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2024 жылғы 2 қыркүйекте сағат 11.00-де Астана қаласында шақырылсын, — деп жазылған өкім мәтінінде.
Айта кетсек, Парламент палаталарының бірлескен отырысын палаталардың депутаттарына алдын ала хабарлай отырып, Мәжiлiс төрағасы шақырады. Бұл ретте Мәжiлiс төрағасы Парламенттiң бірлескен отырысын шақыру туралы өкiм шығарып, оны депутаттарға хабарлайды.Парламент палаталарының бiрлескен отырыстары кезiнде Парламент пен оның палаталары жұмыс органдарының отырыстары өткiзiлмейдi.