Пайдаланылмаған жер мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарылды

0 6

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жер ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осы тапсырма аясында 2025 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі мақсатқа сай пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықтармен берілген жерлерді қайтару жөніндегі жоспарды мерзімінен бұрын орындады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жүйелі түрде жүргізілді. Бақылау мақсатында Жерді қайта бөлу жөніндегі республикалық комиссия және облыстық ведомствоаралық жұмыс топтары құрылды. Жыл ішінде республикалық комиссияның 3 және облыстық жұмыс топтарының 42 отырысы өтіп, тексеру нәтижелері мен алдағы шаралар талқыланды.

Тексерулер 2,2 миллион гектар жерді қамтыды: 1,8 миллион гектар бойынша 1286 ұйғарым берілді, 281,4 мың гектар жерге қатысты сот процестері жалғасуда, ал бұрын пайдаланылмаған 464,7 мың гектар жерді жер пайдаланушылар өз бетімен игере бастады. Қайтарылған жерлердің 704,7 мың гектары халыққа берілді: оның ішінде 176,6 мың гектары – қоғамдық жайылымдар, 528,1 мың гектары – ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне конкурс арқылы бөлінді.

Жоспардың мерзімінен бұрын орындалуы жер ресурстарымен жұмыс істеудің тиімділігін, жерді ұтымды пайдалану үшін жағдай жасалғанын және Қазақстан ауылшаруашылығының одан әрі дамуына серпін берілгенін көрсетеді.