Отты жылдардың қаһармандары

0 189

Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағы бір күнге тарихи естеліктер мекеніне айналды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Отты жылдардың қаһармандары» атты тарихи-танымдық сағат өтті. Іс-шараны Тараз қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері «Ерлер – халық қаһармандары» атты байқау аясында ұйымдастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

– Біздің мақсатымыз – ел тарихының қаһармандық ерліктерін еске салып, бұл естелікті жас ұрпаққа жеткізу, оны тірі әрі саналы ету. Жастардың Отанды қорғауға, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет етуге ұмтылысын арттыру, – деді Тараз қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Саулебаева.

– Бұл шара жастардың сол сұрапыл жылдардың маңызын терең сезінуіне жол ашады. Ерлік бейнелері мен шығармашылық арқылы ата-бабаларымыздың ерлігіне деген мақтаныш сезімі оянады. Бұл – отаншылдыққа, батырларға деген құрметке тәрбиелеудің тиімді жолы. Біз осы жадымызды сақтай отырып, ұлттық рухымыз бен бірлігімізді нығайтамыз, – деп толықтырды ол.

Іс-шараға ҚР Ұлттық ұланының №5513 әскери бөлімінің сарбаздары, еңбек ардагерлері мен тараздық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Мерекелік кешке ерекше мән берген – Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің кітапхананың белсенді оқырманы саналатын студенттері. Олар солдаттар жазған майдан хаттарынан үзінді оқып, соғыс кезіндегі қаһармандар тағдырын сахналық қойылым арқылы шынайы жеткізді.

«Майданнан хаттар» композициясында сағыныш, қорқыныш, үміт пен махаббатқа толы жолдар оқылды. Бұл қойылым соғыстың тек жеңіс емес, тым ауыр бағамен келген шындық екенін еске салды.

Сахнада Әулиеата топырағынан шыққан, Польша жерінде ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаевтың бейнесі жаңғырды.

Сондай-ақ қазақ халқының даңқты перзенті, ерлік пен әскери шеберліктің символына айналған Бауыржан Момышұлының бейнесі де сахна төрінде көрініс тапты. Легендар қолбасшының атынан айтылған серт пен парыз туралы сөздер, жауынгер достары туралы естеліктер көрерменнің жанын тебірентті. «Смуглянка», «Катюша» сынды әндердің әуенімен қатар өрілген қойылымда сол соғыстың зардабы мен қаһармандардың ішкі рухы көрініс тапты.

Байқау қазылар алқасы құрамында Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Айгерім Дәулетбаева және облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева болды.

– Қатысушылардың әрбір қойылымында тарихи дәлдік, рухани тереңдік пен жүректен шыққан шынайылық бар. Әр қатысушы кейіпкер рөлін жүрегімен сезініп, көрерменге жеткізе білді. Мұндай іс-шаралар жастардың бойына отансүйгіштік пен өткенге деген құрметті дарытады, – деді Айгерім Дәулетбаева.

Сахнамен қатар ұйымдастырылған кітап-көрме бұрышы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Онда майдан хаттары, мұрағаттық суреттер, солдаттардың киім үлгілері қойылды. Көпшілік көрмеге тоқтап, өз аталары мен әжелерін еске алып, естеліктерімен бөлісті.

Кештің соңында барлық қатысушылар оркестр сүйемелдеуімен «Жеңіс күні» әнін шырқап, салтанатты финал жасады.

– Мен үшін бұл мейрам – жеке өмірімнің және халқымыздың ортақ тағдырының ажырамас бөлігі. Біз, «Германия мен Варшава келісімі елдеріндегі Кеңес әскерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, 1945 жылдан 1994 жылға дейін Еуропадағы кеңес армиясының құрамында қызмет еттік. Соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де, бұл жеңісті ұмытпау, оны жас ұрпаққа аманаттау – басты міндетіміз, – деді аталған ұйымның жетекшісі Сабирали Қыдыралиев.