Өткенде су құбыры жарылса, кеше электр желісі үзілді

0 168

Кеше кешкілік 17 сағаттан өте Тараз қаласының Төлеби даңғылы мен Тараз университетінің бас ғимаратының арасындағы жерге әлде бір құрылыс нысанын салып жатқан мердігер мекеменің жұмысшылары жерастынан өтетін электр желісін «жұлып» алып, бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен осы маңдағы мекемелер жарықсыз қалды.

Республикалық «Салық тәртібі», облыстық «Әулиеата» және бірнеше аудандық газет басылатын баспахана электр қуатының болмауынан жұмысын тоқтатты. Іргедегі «Әулиеата-медиа» ЖШС-не қарасты үш редакция мен сайтындағы әріптестер де түн ауғанша жұмыссыз отырды.

Қараңғыда қалған көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарының жанайқайы түнгі Таразды азан-қазан қылып жатты…

Өткенде эксковатор шөміші су жүретін құбырды жарып жіберіп, осы маңның азан-қазанын шығарып еді, енді электр қуаты өтетін желінің айра-жайрасын шығарды.

Бұл өзі қандай мердігер? Қандайда бір нысанның құрылысын бастамас бұрын бірінші жерастынан қандай инфрақұрылым өтетінін зерттемей ме?

Тәжірбиесі болмаса, мұндай мердігер  мекемеге тапсырыс беруші кім? Тараз қалалық әкімдігі болса өткенде су құбыры жарылған соң-ақ, тиісті шара қолдану керек еді. Енді мынау, құрылыстың іргетасы қаланбай жатып, бір емес, екі рет төтенше жағдайға жол берді…

Амангелді ӘБІЛ.