Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың еңбегі таныстырылды

0 210

«Әділетті Қазақстан — Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» тұжырымдамасын қоғамдық этиканың негізі ретінде енгізуді ұсынған болатын. Адал азамат – жауапкершілігі жоғары, әділ, көмекке әрдайым дайын және өз ісіне адал жан.

Осы бастаманы жүзеге асыру аясында Тараз қаласындағы Халық Қаһарманы Мейіржан Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде ашық есік күні өтті. Шараға қаладағы №28, 43, 48 және 63 мектептердің 5–7-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Балаларға заманауи өрт сөндіру техникасы көрсетіліп, қауіпсіздік негіздері түсіндірілді және құтқару жабдықтары таныстырылды. Қонақтар су таситын өрт сөндіру көлігін, өрт сөндіру сатысын, реанимациялық жедел жәрдем көлігін және жол талғамайтын арнайы құтқару техникасын көрді. Мамандар бұл техникалардың қалай қолданылатынын, төтенше жағдайда сабыр сақтап, нұсқаулық бойынша әрекет етудің маңызын түсіндірді.

Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Валихан Вәлиевтің айтуынша, ашық есік күні – бұл балалар үшін нақты қауіпсіздік сабағы.

– Біздің мамандар балаларға өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін, қай нөмірге қоңырау шалу қажет екенін, басқаларға көмектесіп жүріп, өз өміріне қауіп төндірмеуді үйретеді. Әр бала бұл жерден жаңа білім алып шығады, мүмкін, болашақта осы мамандықты таңдауға ниет білдіреді, – деді ол.

Іс-шарадан алған әсерімен бөліскен оқушы Айсезім Елесбекқызы былай деді:

– Бізге су таситын өрт сөндіру көлігіндегі сорғының қалай жұмыс істейтіні, өрт сөндіру түтіктері (шлангілері) қалай тартылып, су қалай берілетіні түсіндірілді. Маған ең қатты ұнағаны – жолсыз жерлерге жүре алатын құтқару көлігі болды. Ол – қар қалың, қиын жерлерден адамдарды құтқаруға арналған техника. Төмен қысымды шиналарының арқасында ол қалың қарға батпайды екен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың құтқарушылар еңбегіне деген құрметін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастырады.