Оңтүстік өңірлердің дамуы талқыланды
Жамбыл облысына арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлердің даму барысын көзбен көріп, әлеуметтік-экономикалық ахуал мен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуына байланысты кеңес өткізді. Тараз қаласында өткен басқосуға Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының әкімдері, бірқатар министрліктердің басшылары және «Amanat» партиясының өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Кеңесте еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі даму қарқынына баға беріліп, нақты көрсеткіштер талқыланды. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Жамбыл облысы 15,8 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізген. Бұл – негізінен өнеркәсіп, құрылыс, көлік, байланыс және сауда салаларындағы тұрақты өсімнің нәтижесі. Өнеркәсіптегі өсім 23,6%-ды құраса, құрылыс – 22,1%, көлік – 11,2%, байланыс – 7,7%, сауда – 2,5% шамасында артқан. Ауылшаруашылығы саласында да аз да болса ілгерілеу байқалып отыр.
Биылғы төрт айдың ішінде облыста 173,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай – 66,8%-ға артқан. Ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымның даму деңгейі 74,1 пайызға жетіп, республика бойынша төртінші орынға көтерілген.
Жиында негізгі назар «Ауыл аманаты» жобасына ауды. Бұл бастама – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ауқымды бағдарлама. Жобаның Жамбыл облысындағы жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланды. «Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, өңірдегі 153 ауылдық округке скрининг жүргізіліп, олардың 112-сі мал шаруашылығына, 63-і егін шаруашылығына бейімделгені белгілі болған.
Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің мәлімдеуінше, биыл 5 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға 700 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл бастама 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Ал, 2019-2023 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 40,8 миллиард теңге бағытталып, 8027 жоба жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Соның нәтижесінде 8 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 62 ауылшаруашылығы кооперативі жасақталған. Жергілікті бюджет есебінен 275 техника сатып алынған. Несие қайтарымдылығы 99,6 пайызды құрап отыр.
Ағымдағы жылы қайтарылған қаражат есебінен қосымша 438 жоба қаржыландырылып, 3,3 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Олардың қатарында жылыжай шаруашылықтары, биогумус және сабын өндірісі, наубайхана, көлік жөндеу және құрылыс материалдарын дайындау бағытындағы кәсіптер бар. Бұл ауыл экономикасын әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдар екені сөзсіз.
«Ауыл аманаты» аясында тауарлық несие беру тәжірибесі де қолға алынған. Қазірдің өзінде әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға 757 бас мал табысталған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 80 шартқа дейін артып, 5 мыңнан астам мал таратылады деп күтілуде.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев ауылшаруашылығы мен шағын бизнесті оңтүстік өңірлердің экономикалық драйвері деп атап, осы салаларды қолдауға бағытталған нақты инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі түрде жоспарлау керектігін ескертті. Сонымен бірге, жобаларды іске асыруда өңірлік стандарттар жүйесін басшылыққа алудың маңыздылығына тоқталды.
Сапар барысында Қанат Бозымбаев Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің бүгінгі жағдайымен танысып, білім ордасының мүмкіндіктерін бағамдады. Сондай-ақ Тараз қаласының 16-шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен «Түйте» каналы бойындағы абаттандыру жұмыстарын да көріп шықты.
Жиын соңында Үкімет деңгейінде қаралуы тиіс мәселелер айқындалып, жауапты министрліктер мен өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Ауылдың тіршілігі мен тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жалғаса беретінін айтқан Үкімет басшысының орынбасары «Ауыл аманаты» жобасына ерекше мән берілетінін атап өтті.