Өндірісте көктемгі егіс жұмыстары аяқталды

0 229

Шу ауданына қарасты Өндіріс ауылдық округінде көктемгі дала жұмыстары толық аяқталып, биылғы жылдың егіс науқаны жоспарға сай жүргізілді. Ауылшаруашылығы мамандары мен жергілікті дихандардың үйлесімді еңбегі нәтижесінде округтегі егістік алқаптарға қажетті дақылдар дер кезінде себілді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Округ әкімдігінің мәліметінше, биыл 450 гектарға жаздық арпа, 280 гектарға бидай, 200 гектарға жаңа жоңышқа, 550 гектарға ескі жоңышқа егілген.

Ауылшаруашылығы саласы бойынша жүргізілген есепке сәйкес, 280 гектар алқапқа егілген бидайдан гектарына орта есеппен 19,1 центнерден өнім алынып, шамамен 534,8 тонна астық жиналады деп күтілуде. Ал, 450 гектарлық арпа алқабынан гектарына 18,1 центнерден өнім жиналып, жалпы көлемі 814,5 тоннаға жетпек.

Мал азығын дайындауда маңызды рөл атқаратын жоңышқа алқаптарынан да мол өнім көзделуде. 550 гектар ескі және 200 гектар жаңа жоңышқадан орта есеппен гектарына 31,1 центнерден өнім алынбақ.

Қысқы мал азығын алдын ала қамдау мақсатында округ көлемінде 2000 түк жоңышқа жинау жұмыстары жүргізілуде. Бұл – мал шаруашылығын тұрақты азықпен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара.

Бүгінгі өткен брифинг барысында Өндіріс ауылдық округінің әкімі Санат Қиланұлы көктемгі егіс жұмыстары мен мал азығын дайындау барысы жайлы кеңірек баяндап, ауыл тұрғындарын мазалаған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен ұйымшылдығы арқасында биылғы ауылшаруашылығы маусымы табысты болады деген сенім зор.