Өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беретін уақыт келді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауын жария етіп жатыр. Президент биылғы Жолдауының екінші маңызды бөлігі ретінде еліміздің өңдеу өнеркәсібін жаңа серпінмен дамытуға тоқталды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Қ.Тоқаев бұл бағытта кейінгі 5 жылда нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанынын атап өтіп, оң баға берді.
«Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны 2 есе өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтады. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12, 4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12, 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады», деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер әлі де жеткіліксіз екеніне тоқталып, ішкі, сыртқы бәсекеге төтеп беретін терең өңделген өнім өндіруге басымдық беруді тапсырды. Қазір осы салада атқарылып жатқан жұмыстардың жүйесіз екенін жеткізді.
«Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл шараны ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек», деді Қ.Тоқаев.