Олжас Бектенов газбен қамтуға қатысты арыз-шағым көптігін айтты
Премьер-Министр мәселелерді тез арада шешуді әкімдерге тапсырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов халықты газбен қамтуда сапалы қызмет көрсету қажеттігін баса айтты.
«Үкіметке азаматтардан газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағым келіп түсіп жатыр. Тиісті мекемелер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек. Алматы өңірінің газға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбырының екінші желісінің жобасы іске асырылып жатыр»,– деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-Министр газ құбырының қорғау аймағында жекеменшік құрылыстардың болуына байланысты жерлерді алу қажеттігі туындап отырғанын айтты.
«Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне бұл жұмысты жедел жүргізуді тапсырамын», – дейді О.Бектенов.