Нөмір жасырған жүргізушілер жауапқа тартылды

0 5

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін әдейі жасыру және өзгерту деректерін анықтады. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бір бөлігінде жүргізілген тексеру барысында «DAF» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі мемлекеттік нөмірдегі әріптердің бірін майлықпен жауып қойғаны белгілі болды. Осылайша ол ақылы жолмен жүру ақысын төлемеуге және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің тіркелуінен жалтаруға тырысқан.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері дәл осындай тағы бір «DAF» автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ол мемлекеттік тіркеу нөмірін арқанның көмегімен жасырып жүрген. Аталған деректер бойынша жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олар бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Бұдан бөлек, тексеру барысында «Alphard» маркалы автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі жалған екені анықталды. Белгілі болғандай, аталған көлік өткен жылы тіркеуден шығарылған. Бұл дерек бойынша материалдар сотқа жолданды.

Жамбыл облыстық полиция департаменті қасақана мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін жасыру, өзгерту немесе жалған нөмір қолдану өрескел әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын еске салады. Құқық қорғау органдары жүргізушілерді заң талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.