Несие мен нәтиже

0 165

Өңірде көктемгі дала жұмыстары наурыз айынан бастау алды. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша науханды жауапкершілікпен өткізу мақсатында материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайындалып, агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары бақылауға алынған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Облыста өткен жылы 488,5 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Қызылша алқаптарынан 647 мың тонна тәтті түбір жиналып, оның 597 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілген. Былтыр өңірде ауа райының қолайлы болуы, шаруалардың агротехникалық шараларды жетік меңгеруі мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің арқасында жалпы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге өскен.

Ағымдағы жылы 660 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 33 мың гектарға артық. Бүгінгі күні көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 55 мың тонна тұқым, 7317 ауылшаруашылығы техникасы дайын. Үкімет тарапынан 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Бұл – шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізуіне оң әсерін тигізбек. Жалпы, алдағы уақытта 400-ден астам ауылшаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару деңгейін 6,5 пайызға арттыру көзделуде. Ал, аймақ бойынша 418 мың гектар алқапқа 83,1 тонна минералды тыңайтқыш сіңіріледі, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы өңір шаруаларына 3 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарлануда. Атап өтерлігі, биыл шаруаларды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 22,7 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамытуға 10,6 миллиард теңге қарастырылған. Соның арқасында өсімдік шаруашылығында 325,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде. Жалпы биыл ауылшаруашылығы саласында 551,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі деп болжануда.

Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласына 58 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Ал, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқапты 64,5 мың гектарға ұлғайту көзделген.  Биыл ауылшаруашылығы саласына 39 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 22,7 миллиард теңгесі субсидияға, қалған 16 миллиард теңгесі Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі мен «Ауыл аманаты» жобасын несиелендіруге жұмсалмақ.

Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы мал басының өсуіне де өз септігін тигізген. Өткен жылы облыстағы жалпы мал саны 3,6 миллион басқа жетсе, оның 429,4 мыңын мүйізді ірі қара, 3 миллионын қой, 173,9 мыңын жылқы құрайды. Құс саны 1,9 миллионға жеткен. Жалпы жыл ішінде 226,2 мың тонна сүт, 129,9 мың тонна ет, 123,5 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Биыл мал шаруашылығында 226,5 миллиард теңгенің өнімін шығару жоспарлануда. Ағымдағы жылы жоба шеңберінде азаматтарға 4 мың бас қой, 150 бас мүйізді ірі қара тауарлық несие ретінде беру жоспарлануда. Бұл орайда «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлік бағыты бойынша 5 миллиард теңгеге 598 жобаны несиелендіру жоспарлануда.