Наурыздан бастап ауыр жүк көліктеріне уақытша шектеу қойылады

0 567

2025 жылғы көктемгі кезеңде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүруіне шектеу енгізіледі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі №492 бұйрығының 19 тармағына сәйкес, республикалық автожолдарды қысқы мезгілден кейін сақтау мақсатында 2025 жылғы 1 наурыздан бастап 1 сәуірге дейін «бесінші жол климаттық аймаққа жататын келесі сегіз облыста шектеу енгізіледі:

  • Алматы облысы;
  • Атырау облысы;
  • Жамбыл облысы;
  • Ұлытау облысы;
  • Қызылорда облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Жетісу облысы;
  • Түркістан облысы.

Алайда келесі автокөліктердің түрлеріне бұл шектеулер қолданылмайды:

  • халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына;
  • төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын көліктерге;
  • гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді, жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын көліктерге;
  • жол-құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын көліктерге.

«ҚазАвтоЖол» компаниясы жүргізушілер мен көлік иелеріне маршруттарды жоспарлаған кезде осы ақпаратты ескеруді сұрады.