Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары тұрақты бақылауда

0 5

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында кеңінен баяндады, деп хабарлайды  «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңірде мүгедектігі бар 45697 азамат тіркелген. Оның ішінде бірінші топтағысы – 4871 адам, екінші топтағысы – 16339 адам, үшінші топтағысы – 17675 адам. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны 6812-ні құрап отыр.

2025 жылы мүгедектігі бар адамдарды оңалту және реабилитациялау бағдарламаларын іске асыруға 8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаражат сурдо-тифлотехникалық құралдар, протездік-ортопедиялық бұйымдар, міндетті гигиеналық құралдар, санаторлық-курорттық ем, кресло-арбалар, жеке көмекші мен ымдау тілі мамандарының қызметтері және инватакси қызметіне бағытталуда.

Ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша «Е-Собес» ақпараттық жүйесі арқылы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 91,1 пайызды құраған. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Жыл соңына дейін көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр екен.

Сонымен қатар, «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында 262 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда 194 нысанның бейімдеу жұмыстары толық аяқталып, 62 нысанда жұмыстар жалғасуда.

Мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін облыста 14 инватакси қызметі жұмыс істейді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 228,7 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 813 пайдаланушы осы қызмет түрімен қамтылған.

Еркін Егембердіұлының айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Биыл 2392 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа жүгініп, олардың 1922-сі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 568 адам тұрақты жұмысқа, 507 адам уақытша жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, 193 азамат мемлекеттік грант алып, жеке кәсібін бастаған.

Басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемеде 1350 адам қамқорлыққа алынған, оның 909-ы мүгедектігі бар азаматтар. Ал, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен 2287 адам қамтылған. Үкіметтік емес ұйымдар да бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда 8 әлеуметтік жоба аясында 993 мүгедектігі бар адамға әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.

Еркін Егембердіұлы мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.

Жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды.