«МОЙЫНҚҰМ ТАҢЫНА» ЖАҢА БАС РЕДАКТОР

0 36

ТАҒАЙЫНДАУ

Аудан әкімінің келісімімен, «САЛЫҚ ТӘРТІБІ ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Олжас Ғалымұлы ИЕНБЕРГЕННІҢ бұйрығымен Жайлау Уалихан Темірханұлы Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне бас редактор болып тағайындалды. ​Аудан әкімі Әлихан Балқыбеков жаңа бас редакторды аудан әкімі аппаратының қызметкерлерімен және редакция ұжымымен таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Уалихан Темірханұлы 1989 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген.

Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған, дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының түлегі. 2007-2011 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Журналистика факультеті, «Баспа ісі» кафедрасының «Өнер» бакалавры, аталмыш университеттің «Халықаралық журналистика» факультетінің магистрі.​​​​​​​​​Еңбек жолын 2012-2013 жылдары Алматы қаласында республикалық «Дарабоз» ерлер журналында тілші-редактор болып бастаған. 2013-2015 жылдары Еуразия телеарнасындағы «Сапа бақылауда» бағдарламасының тілші-редакторы, 2015-2018 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің Мойынқұм ауданындағы меншікті тілшісі, 2018-2021 жылдары аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі болса, 2021 жылдың 4 қазан айынан бастап аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторының орынбасары болып қызмет істеп келді.