Министрлік мереке қарсаңында алаяқтардан сақ болуға шақырды

0 10

Ішкі істер министрлігі қызметкерлері мереке қарсаңында жалған ашықхаттар мен «тиімді» жеңілдіктерге сенбеуді ескертті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мереке қарсаңында алаяқтар белсенді түрде әрекет етеді. Олар қауіпті файлдар тіркелген «жаңажылдық құттықтаулар» таратып, сондай-ақ бағасы әдейі төмендетілген сыйлықтар мен тауарлар туралы жалған хабарландырулар жариялайды.

Ақша аударылғаннан кейін байланысты тоқтатады. Алаяқтар анимациясы немесе музыкасы бар құттықтау жіберіп, файл арқылы парольдерге, банк карталарына және қосымшаларға қол жеткізеді. Сондай-ақ нарықтағы бағадан едәуір төмен бағада тауар немесе сыйлық ұсынады. Ақшаны шұғыл түрде аударуға көндіреді. Төлем жасалған соң хабарландыруды өшіріп, жауап бермейді.

«Алаяқтар жиі жалған аккаунттар мен қолдан жасалған пікірлерді пайдаланып, өзін сенімді сатушы ретінде көрсетеді. Сондықтан бейтаныс сатушыларға алдын ала ақша аудармай, пікірлер мен аккаунттың тарихын мұқият тексеру қажет. Бейтаныс адамдардан келген файлдар мен сілтемелерді ашпай, apk кеңейтімі бар файлдарды бірден өшіргеніңіз абзал», деп ескертті ІІМ.