Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Әкім бірқатар шаруа қожалықтарын, өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жергілікті кәсіпкерлермен, мамандармен тілдесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауылшаруашылығы. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл саладағы жалпы өнім көлемі 7,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Жалпы егіс алқабы 103,5 мың гектарға дейін ұлғайып, оның 7,53 мың гектарына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Агроөнеркәсіптік кешенге 1,94 миллиард теңге инвестиция тартылып отыр. Аудан шаруашылықтарының иелігінде 1171 дана ауылшаруашылығы техникасы бар, жыл соңына дейін бұл техникалардың кемінде 5,5 пайызы жаңартылады деп жоспарланған.
Облыс басшысы сапар аясында облыстағы жалғыз элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие «Сыпатай батыр» шаруа қожалығында болды. Қожалық 2016 жылдан бері элиталық және репродукциялық тұқымдармен айналысып келеді. Мұнда биыл 246 гектарға «Арна» сұрпының жаздық арпасы, 643 гектарға «Стекловидный-24» күздік бидайы себілген. Кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ербол Қарашөкеев бұл сынды шаруашылықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және өнімділікті арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, жауапты сала мамандарына мұндай кәсіпорындарға тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сапар барысында облыс әкімі Сұрат ауылдық округіндегі «Қайсар» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасының құрылысымен де танысты. Жобаның құны – 2,5 миллиард теңге, өндірістік қуаттылығы – тәулігіне 12000 литр сүт. Құрылысы аяқталған соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазір құрылыс жұмыстарына 70 адам тартылған. Ферма осы жылдың күзіне дейін пайдалануға берілмек.
«Береке Дас» шаруа қожалығы да аймақ дамуына елеулі үлес қосып отыр. Бұл қожалық 35 гектар аумақта элиталық алма көшеттерін өсіруге маманданған. Өткен жылы мұнда 300 тоннадан астам алма өнім алынған. Бұл – өңірде бақ шаруашылығын дамыту әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Облыс әкімі Ақтоған және Жамбыл ауылдық округтеріндегі «Royal Petrol» брендімен салынып жатқан автожанармай құю бекеттерінің құрылыс алаңында да болды. Құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалар аясында заманауи жол бойындағы сервис, қонақ үй және қоғамдық тамақтану орындары қарастырылған. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы.
Сондай-ақ әкім Меркідегі туризмді дамыту мақсатында салынып жатқан демалыс аймағына барды. Жеке инвестор қаржысына салынып жатқан бұл жобаның құны – 800 миллион теңге. Мұнда форель шаруашылығы мен глэмпинг аймағы ашылады. Құрылыстан кейін 7 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Ербол Қарашөкеев ауылдық жерлерде туризмді дамытудың маңызын атап өтіп, жол инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін айтты.
Мұнымен қатар, аймақ басшысы қуаттылығы 18 МВт болатын су электр станциясының құрылыс барысын бақылап көрді. Құны 14,8 миллиард теңге болатын жобаны «Тараз Гринпауэр Дженко» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Ербол Қарашөкеев құрылыс сапасына және белгіленген мерзімге сай аяқтауға ерекше назар аударылуы керек екенін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі ауылшаруашылығын одан әрі қолдау, инвестиция тарту қарқынын күшейту, инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы аяқтау, жаңа жұмыс орындарын ашу сынды маңызды бағыттарға басымдық берілетінін мәлімдеді. Меркідегі бұл бастамалар мен нақты істер өңір дамуының жарқын болашағына негіз болмақ.