Меркіде жаңа табиғи парк құрылды

0 4

Облысымызда алғашқы ерекше қорғалатын табиғи аумақ – «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» құрылды. Бұл бастама өңірдің бай табиғи мұрасын сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қорғауға және экотуризмді дамытуға үлкен серпін береді деп күтілуде. Жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жаңа табиғи парк Меркі ауданындағы таулы және тау етегіндегі аймақтарды қамтиды. Оның жалпы аумағы – 86632 гектар. Бұл жер флора мен фаунаға, сирек және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерге бай аумақ болып табылады. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген аса сирек кездесетін жануарлар мекендейді. Соңғы жүргізілген санақ бойынша парк аумағында 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы, 22 Түркістан сілеусіні тіркелген. Сонымен қатар, бұл аймақта қызыл қасқыр сынды өте сирек жануарлар да кездеседі. Парктің биологиялық әртүрлілігі оны еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның табиғи мұраларын сақтайтын маңызды орталықтардың біріне айналдырады.

«Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» тек табиғатты қорғау ісін ғана емес, экологиялық ағартушылық пен экотуризмді дамытуға да бағытталған. Парк аумағында болашақта тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты танымдық бағыттар ұйымдастырылатын болады. Туристер үшін арнайы туристік соқпақтар, демалыс аймақтары мен экологиялық бағыттар кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл ретте табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталады.

Жаңа парк ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін де таптырмас мүмкіндік ұсынады. Ғалымдар мен зерттеушілер бұл жерде экожүйелердің жай-күйін бақылап, сирек түрлердің популяциясын зерттей алады. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған экологиялық ағарту бағдарламалары қолға алынбақ.

«Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» – еліміздің табиғи байлығын сақтау, ұрпаққа аманаттау және экологиялық сананы арттыру жолындағы маңызды қадам. Бұл жоба арқылы облысымыз табиғатты қорғау мен экотуризмді дамытудың үйлесімді үлгісін қалыптастырып, халықаралық деңгейдегі экологиялық бастамаларға үлес қосып отыр.