Меркіде патриоттық рухты дәріптеген аудандық спорттық жарыс өтті

0 239

Меркі ауданында ҚР Қарулы Күштерінің 33 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 11971 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен ауқымды патриоттық-спорттық жарыс өтті. Мектеп оқушыларына арналған бұл ерекше іс-шара жас ұрпақты Отанды сүюге, ел қорғаушылардың ерлігіне құрметпен қарауға тәрбиелеуді мақсат тұтты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің мүшесі.

Салтанатты түрде ашылған іс-шара мектеп оқушыларының орындауындағы патриоттық әнмен басталып, Мемлекеттік Тудың көтерілуімен жалғасты. Әскери бөлім қызметкерлері мен қатысушылар еліміздің Тәуелсіздігі жолында жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – ел тарихына деген тағзымның жарқын көрінісі болды.

Мерекелік жиынға Меркі ауданы әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев, аудандық білім бөлімінің мамандары, мектеп басшылары, ұстаздар, ата-аналар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары мұндай іс-шаралардың жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіруде маңызы зор екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік бағдарламаны аудандық «Үміт» оқушылар сарайының өнерпаздары Жеңіс күніне арналған хормен әрлесе, Құрманбек Жандарбеков атындағы мектеп оқушылары орындаған би мерекелік көңіл күйді одан әрі көтерді. Сонымен қатар, әскери бөлімнің тәжірибелі сарбаздары қоян-қолтық ұрыстың элементтерін, саптық жаттығулар мен қарумен жұмыс істеу тәсілдерін шебер көрсетті.

Жарысқа ауданның барлық мектептерінен 300-ге жуық оқушы қатысып, әр команда арнайы әскери киім үлгісінде сап түзеп, тәртіп пен ұйымшылдықтарын паш етті. Қатысушылар спорттық бәсекелерде тек күш пен ептіліктерін ғана емес, Отанға деген құрмет пен жауапкершілікті де көрсете білді.

Шара соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар аудандық білім бөлімі мен әскери бөлім басшылығы тарапынан дипломдармен, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында елін, жерін сүю қасиетін қалыптастырып, болашақ Отан қорғаушылардың негізін қалайды.