Меркіде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті
Жамбыл облысы, Меркі ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік кешке аудан басшылығы, әскери қызметшілер, ардагерлер және тұрғындар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Бұл – бейбіт күннің бағасын білетін, ел тыныштығын қорғайтын жауынгерлерге деген құрметтің айқын көрінісі болды. Сахна төрінде еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген ерлердің ерлігі мен еңбегі ұлықталды.
Салтанатты жиында Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек құттықтау сөз сөйлеп, барша қорғаныс саласы қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде:
— Қарулы күштер – мемлекеттің мызғымас қалқаны, ал сарбаз – ел қорғаны. Бүгінгі бейбіт тіршілігіміз бен тыныштығымыз сол азаматтардың жанқиярлық қызметінің арқасы, — деп атап өтті.
Іс-шара барысында бірқатар әскери қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғысхаты және «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – әскери сала қызметкерлеріне деген шынайы ризашылық пен зор құрметтің белгісі.
Шарада Меркі ауданы бойынша Шекара басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Серік Тілеуов те құттықтау сөз сөйлеп, әріптестеріне зор денсаулық пен табыс тілеп, сарбаздардың абыройлы міндетін адал атқарып жүргенін атап өтті.
Салтанатты жиын соңында патриоттық рухтағы әндер шырқалып, көркем қойылымдар сахналанды. Өнерпаздар ұсынған әрбір туынды елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін тереңінен сездіріп, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады.