Меркіде екі миллиард теңгедей инвестиция тартылды

0 174

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде өңірдің қоғамдық-саяси ахуалы, этносаралық татулық және ауылшаруашылығы өнімдерін екі есеге арттыруға бағытталған жол картасының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кеңесте алғашқы болып аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы баяндама жасап, Меркідегі қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімділік жайын тарқатты. Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде ауданда 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлік пен ынтымақты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 8 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеп, тұрғындар арасында патриоттық және мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жүргізіліп, арандатушылық сипаттағы материалдарға дер кезінде әрекет ету жолға қойылған. Жалпы, аудан көлемінде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, келісім мен бірлік сақталып отыр.

Кеңесте ауылшаруашылығы саласындағы көрсеткіштер де назарға алынды. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаев жол картасының орындалу барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында Меркі ауданы бойынша ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 19 миллиард 171,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,3 пайызға жеткен. Негізгі капиталға 1,9 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалған. Егістік көлемі ұлғайып, минералдық тыңайтқыштар енгізу, су үнемдеу технологияларын қолдану және техника паркін жаңарту жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Мал шаруашылығы бойынша да сүт, ет және жұмыртқа өндірісінде оң динамика байқалады.

Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Әсіресе қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, әлеуметтік желідегі ахуалға жіті назар аударуды тапсырды. Ауылшаруашылығы саласында өнімділікті арттыруға бағытталған жаңа технологияларды енгізу, күзгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық жүргізу және әрбір сала басшысының өз бағыты бойынша жоспарды сапалы орындауын бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Меркі ауданының даму қарқыны мен тұрақтылығы – бірлік пен еңбек нәтижесі. Кеңесте айтылған міндеттер алдағы уақытта нақты істермен жалғасатынына сенім мол.