Меркі ауданында шөп ору науқаны қарқын алуда

0 308

Меркі ауданының диқандары мен шаруалары биылғы маусымда дала жұмыстарын ерте бастап, қыстың қамын шілдені күтпей ойлауға кірісті. Қазіргі таңда өңірде шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар үшін әр күн – алтынмен пара-пар, әр сағат – ерен еңбекке толы, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Сұрат ауылдық округіндегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі – «Қайсар» шаруа қожалығы биыл науқанды бірінші болып бастағандардың қатарында. Мұндағы жұмыс күннің алғашқы сәулесімен басталады. Қожалықтың шөп шабатын техникалары толық қуатта жұмыс істеп, алғашқы өнімді жинауға кірісіп кеткен.

Қожалықта қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Науқан қызып, жұмыс көлемі артқан кезде қосымша 15-20 маусымдық жұмысшы тартылып, еңбектің өнімділігі еселене түседі. Биылғы басты меже – алдағы 2025 жылдың қыс мезгіліне қажетті мал азығын толық әрі сапалы етіп жинау.

Аудан бойынша барлығы 23800 гектар алқаптан 190 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген. Бүгінгі күнге дейін 15 мың гектар жер шабылып, 55 мың тоннаға жуық шөп қоры жиналып үлгерілді. Бұл – ауа райының қолайлы сәттерін тиімді пайдаланып жатқан шаруалардың жүйелі еңбегінің нәтижесі.

Шөп шабу – мал шаруашылығын қыстан аман алып шығудың ең басты кепілі. Сондықтан, бұл науқан аудан шаруалары үшін маусымдық жұмыс емес, ауылдың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды міндет болып саналады.

Жергілікті билік пен ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, Меркі ауданындағы шөп жинау жұмыстары шілде айының ортасына дейін жалғасады. Ал, ерте қамданған шаруалар жаздың әр сәтін тиімді пайдаланып, алдағы қысты сенімді қарсы алуға әзір екенін көрсетіп отыр.

– Ел ырысы – жерден. Ал, жерден алынған ырзық – уақытпен санаспайтын еңбектің жемісі, – дейді меркілік шаруалар.