Меншік иелері мен мемлекеттің құқықтары қалпына келтірілді
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау – прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі, деп хабарлайды «Aulieаtanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
2024–2025 жылдары жүргізілген талдау нәтижесінде прокуратура қызметкерлері азаматтар тарапынан заңсыз иемденілген 13 пәтер мен 2 жер учаскесін анықтады.
Тараз қаласының прокуроры берген апелляциялық өтініш негізінде үш пәтер бойынша бұрын шығарылған сот шешімдері жойылды. Соның ішінде екі пәтер өз иелеріне – әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қайтарылды.
Сонымен қатар, қала орталығында орналасқан құны 16 миллион теңге тұратын төрт бөлмелі пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды. Анықталғандай, бұл пәтерді азамат қолхат арқылы иемденіп, кейін сотқа жекеменшік құқығын тану туралы талап арыз түсірген. Бірінші инстанциядағы сот бұл талапты қанағаттандырғанымен, апелляциялық сатыда оның тарапынан жылжымайтын мүлікке иелік ету үшін заңда көрсетілген – жеті жыл бойы тұрақты тұру және басқа меншік иелерінің келісімі секілді талаптарды дәлелдейтін құжаттар ұсынылмағаны анықталды.
Бұдан бөлек, прокурорлық қадағалау актісі негізінде қала әкімдігінің бес пәтер бойынша талап-арыздары сотпен қанағаттандырылып, жалпы құны 60 миллион теңгеге бағаланатын бұл пәтерлер иесіз мүлік ретінде танылып, коммуналдық меншікке берілді.
Аталған пәтерлер кезекте тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілмек.
Сонымен қатар, қала прокурорының ұсынысы және сотқа жолдаған талап-арызы негізінде жалпы аумағы 18 сотықты құрайтын екі жер телімі де мемлекет меншігіне қайтарылды.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.