Мемлекеттік тіл – менің тілім
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы ағымдағы жылы 5513 әскери бөлімінде жалғасын тапты.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығын ояту және тілді меңгеруге ынталандыру мақсаты еткен байқау еркін әңгіме, сахналық қойылым мен мақал-мәтелдер, тақырыптық баяндама арқылы қазақ тіліндегі шеберліктерін көрсетуді талап ететін үш кезеңнен тұрды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды орыс ұлтының өкілі, лейтенант Даниил Хакаю қанжығасына байласа, екінші және үшінші орындарды татар ұлтының өкілі, аға лейтенант Ильнур Надилов пен украин ұлтының өкілі, капитан Павел Кадацкий өзара бөлісті.
Мемлекеттік тілге деген құрмет пен патриоттық рухты дәріптеген байқау жеңімпаздарына бөлім командирі атынан диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегері Даниил Хакаю алдағы уақытта Тараз қаласы атынан өңірлік кезеңде бақ сынайтын болады.