Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін туған күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін туған күнімен құттықтап, оның бауырлас өзбек халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агентігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің беделді көшбасшылығының арқасында Өзбекстан дамудың даңғыл жолына түсіп, әлеуметтік-экономикалық салада елеулі жетістікке жеткенін атап өтті.
Әңгімелесу барысында екі ел арасында сенімге, тату көршілік байланыстарға әрі өзара қолдауға негізделген стратегиялық және одақтастық қатынастар қалыптасқанына назар аударылды. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен ғылым-білім саласындағы серіктестік нығайып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүкіл Орта Азияның орнықты дамуы көбіне екі мемлекеттің өзара ықпалдастығына тікелей байланысты. Осыған орай тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы бірлескен жобаларды ілгерілету үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік кооперацияның өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, екіжақты форматта және халықаралық іс-шаралар аясында жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесулер кестесін қарастырды.