Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін құттықтады

0 159

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Медицина қызметкері күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Құрметті дәрігерлер!

Қадірлі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері!

Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Сіздер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға өлшеусіз зор үлес қосып келесіздер. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы миссия.

Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі.

Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер.

Қоғамның игілігі жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін!

Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!