Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді интеграциялауды тапсырды

0 7

Бұл туралы Президент Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумындағы сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн.

Мемлекеттік қолдау өндіріске инновацияны, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан кәсіпорындарға берілуі қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысы саладағы ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

«Агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастырған дұрыс. Қазір олардың арасында байланыс мүлде жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешімдер қате статистика негізінде қабылданады. Ұлттық ауылшаруашылығы санағының нәтижесі саладағы нақты жағдайды көрсетуге тиіс. Жинақталған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады.

Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек.

Электронды агроөнеркәсіп кешені платформасының базасында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауылшаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.