Медициналық ұйымдардың қызметімен танысты

0 175

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі. 

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Меркі ауданы әкімі Жорабек Баубеков және денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Отарбайдың жетекшілігімен ол Меркі ауданында медициналық ұйымдардың қызметімен танысты.

Сапар барысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әлназарова «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Меркі аудандық орталық ауруханасының ТРИАЖ жүйесінің құрылыс барысымен танысты.

Қабылдау бөлімі – стационардың құрылымдық бөлімшесі, онда науқастар триаж жүйесі бойынша медициналық сұрыптаудан өтеді. Бұл жүйенің мақсаты – ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақытында көрсету деңгейін арттыру. Қабылдау бөлімі КТ, МРТ және ангиография аппаратарымен жабдықталған. Фильтр, интенсивті терапия палаталары, диагностикалық палаталар, УЗИ, эндоскопия, рентген, экспресс-зертхана, кіші операциялық, акушерлік палаталар арқылы шұғыл жағдайларда көп науқастарды қабылдауға жағдай жасалады.

Базада инсульт және кардиология орталықтары; медициналық оңалту бөлімі; травматология және ортопедия бөлімі; хирургия бөлімі; реанимация және интенсивті терапия бөлімі сияқты бөлімдер ашылады. Орталық аудандық аурухана бірнеше елді мекен тұрғындарына, соның ішінде Т. Рысқұлов ауданының көршілес аумақтарына қызмет көрсетеді.

А.Әлназарова триаж жүйесінің науқастарға тиімді әрі нәтижелі көмек көрсету рөлін ерекше атап өтті. Бұл науқастардың жазылуына ықпал етеді, ал ауыр жарақат алған науқастарға жедел әрі тиімді емдеу жүргізіледі.

Қабылдау бөлмесінің жұмыс жүйесі науқастың жағдайы мен приоритетіне қарай шұғыл және білікті көмекті жылдам әрі тиімді көрсетуге бағытталған.