Үздік тәжірибелер орталығына барды

0 176

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Меркі аудандық орталық ауруханасындағы Үздік тәжірибелер орталығымен танысты. 2021 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Меркі орталық ауруханасы ауылдық жерлерде жоғары сапалы, қауіпсіз, жан-жақты, кешенді, қолжетімді, адамға бағдарланған медициналық-әлеуметтік көмек көрсету үшін Үздік тәжірибелер орталығына айналды. Реструктуризация мен жаңа жобаларды іске асыру арқасында медициналық көмек халыққа жақынырақ әрі қолжетімді болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Мейірбикенің дербес қабылдауы дәрігердің кейбір функцияларын мейірбикеге беру арқылы жүзеге асырылады. Әр учаскеде патронаждық мейірбике мен ауруларды басқару бағдарламасы бойынша пациенттермен жұмыс істейтін мейірбике жұмыс істейді.

Көпсалалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) тобы құрылды: отбасылық дәрігер, 3 отбасылық мейірбике, әлеуметтік қызметкер, психолог, акушер, олардың міндеттері мен рөлдері анықталып, функциялары кеңейтілді. МСАК көпсалалы топтарының жұмысында саларалық интеграция маңызды рөл атқарады.

Реструктуризация мен жаңа жобаларды енгізу нәтижесінде медициналық көмек халыққа жақындап, қолжетімді болды. Науқастарға кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Үздік тәжірибелер орталығы науқастарға толық әрі кешенді күтім көрсетуге ықпал етеді.

Сапар қорытындысы бойынша министр “Үздік тәжірибелер” орталығының ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмысын жоғары бағалады. Патронаждық мейірбикелердің бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі рөлін ерекше атап өтті. Орталықта олардың жұмысын сапалы орындауына барлық жағдайлар жасалған, бұл оларға үйлерді аралап, білікті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.