Майданға 1,2 миллионнан астам қазақстандық аттанды

0 157

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөз алды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды».

Президент тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытқанын да баса атап өтті.

«Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деді Президент.