Лос-Анджелестегі орман өртінен бес адам опат болды
Калифорния билігінің хабарлауынша, орман өртінен қаза тапқандар саны бес адамға жетті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі BBC ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Бүгін біз екі адамның өлгені туралы хабарлаған едік. Өкінішке қарай, олардың саны бес адамға жетті», деді Лос-Анджелес округінің шерифі Роберт Луна.
Оның айтуынша, жалын әлі ауыздықталған жоқ, зардап шеккендер саны артуы мүмкін. Жағдайды қатты жел мен құрғақ ауа райы қиындатып отыр. Билік Лос-Анджелес аймағында бес жерде орман өрті жалғасып жатқанын, ал эвакуация аймақтарында 150 мың адам тұратынын хабарлады.
Санта-Моника мен Малибу арасындағы Пасифик-Палисейдс аймағында ең үлкен өрт аумағы 60 шаршы шақырымнан асады.
Ал Лос-Анджелес округі өрт сөндіру бөлімінің бастығы Энтони Марроненің айтуынша, өрт кем дегенде 1000 құрылымды қиратты.
Сәрсенбі күні TMZ актриса және әнші Пэрис Хилтонға тиесілі Малибу жағажайындағы үйлердің бірі толығымен өртеніп кеткенін хабарлаған болатын. Кейінірек мұны Хилтонның өзі растады.
Бейсенбіге қараған күні түнде өткен баспасөз мәслихатында билік Лос-Анджелестің ең танымал аудандарының бірі, Голливудтың әйгілі белгісі орналасқан Голливуд төбешігі аймағында тағы бір өрт шыққанын хабарлады.