Көлікте телефон ұстаған жүргізушілер айыппұл арқалайды
Астанада жаңадан орнатылып жатқан бейнебақылау камералары, көлікте ұялы телефон ұстаған жүргізушілерді бірден тіркеп, айыппұл салады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
qazaqstan.tv арнасының жазуынша, смарт жүйе қауіпсіздік белдігін тақпаған және жаяу жүргіншілерге жол бермегендерді де анықтайды.
Осылайша жасанды интеллектінің көмегімен 15 түрлі құқық бұзушылық автоматты түрде есепке алынады.
Жыл соңына дейін қаладағы 22 мың камера осы жүйеге қосылмақ. Жобаны іске асыру үшін Біріккен Араб Әмірліктері 53 млрд теңге инвестиция құяды.
«Қолданыстағы инфрақұрылым камераларын алып тастау көзделмеген. Керісінше жүйені кезең-кезеңімен жаңғыртып, оларды кеңейтіп, жаңа технологиялармен толықтырылады. Алдағы уақытта жаңа жоба аясында бізде 15 түрлі құқықбұзушылық (ұялы телефонмен сөйлесу, белдікті тақпау т.б) тіркеледі және 35 бейнеаналитикасы бар», дейді Бейнебақылау және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Ерасыл Қайрат.