Көлік қызметінің сапасын арттырады, экологияны жақсартады

0 8

Тараз қаласында көлік секторын экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға серпін беретін маңызды нысан – автомобильдік газ толтыратын компрессорлық станса жұмысын бастады. Жаңа инфрақұрылымдық жобаның ашылуына қала әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, бұл бастаманың өңір экологиясы мен көлік қызметінің сапасын арттырудағы рөлі зор екенін атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Инвестициялық жобаны жүзеге асырған «QazMetanPro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне бес жүзге тарта көлікке қызмет көрсетуге қауқарлы стансаны толық іске қосты. Нысан жүк және жолаушы тасымалы саласындағы автокөліктерге, сондай-ақ Қытай, Ресей және Өзбекстан бағытындағы халықаралық транзиттік бағыттарға қызмет көрсететін болады.

Жоба аясында елу жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Табиғи газды мотор отыны ретінде қолданысқа енгізу – көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайтып, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, транзиттік жолдағы қызмет сапасы да алғашқы күннен-ақ жаңа деңгейге көтерілмек.

Келер жылы жобаның жалғасы ретінде елу газмоторлық қоғамдық автобус сатып алу және оларды орналастыратын жаңа автобустар паркінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл Тараздың қоғамдық көлік жүйесін жаңартуға бағытталған ауқымды қадам болмақ. Биыл логистика саласында да оң өзгерістер байқалады. «Югай Юг Такси» компаниясы электрлі такси қызметін іске қосып, оған қажетті электр стансасын орнату жобасын жүзеге асырды. Жыл соңына дейін жалпы құны 29 миллиард теңге болатын тағы тоғыз жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Таразда іске қосылған газ құю стансасы – өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың, экологияны жақсартудың және инвестициялық белсенділігін арттырудың нақты көрінісі.