Көлеңкелі экономикамен күрес күшейді

0 90

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында заңсыз экономикалық айналымның алдын алу және өңірдегі құқық қорғау органдарының 2025 жылғы жұмыс нәтижелеріне арналған баспасөз брифингі өтті. Брифингке Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Парманов және Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаев қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Алдымен сөз алған Талғат Пармановтың айтуынша, 2025 жылы өңірде акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, жыл ішінде 1096 тақырыптық тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату, шығу тегі расталмаған өнімдер айналымы, таңбаланбаған контрафактты темекі өнімдері мен мұнай өнімдерін құжатсыз тасымалдау бойынша мыңнан астам заң бұзушылық фактісі анықталған.

– Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан 120,5 мың литр алкоголь өнімдері, 9,7 мың тонна мұнай өнімдері және 2 миллион қораптан астам темекі өнімдері тәркіленді. Сот шешімдерімен ондаған миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы ел экономикасына ғана емес, халықтың денсаулығына да тікелей қауіп төндіреді, – деді спикер.

Оның айтуынша, мұндай өнімдерден акциздік алымдар төленбейді, сапа бақылауынан өтпейді және адал кәсіпкерлерге әділетсіз бәсекелестік туғызады. Осыған байланысты заңсыз айналымға жол берген тұлғалар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше баптары бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Брифинг барысында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Жағыпар Исатаев көлеңкелі экономикамен күрес бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы департамент өндірісінде 104 қылмыстық іс тіркеліп, оның 70-і тікелей департаментпен анықталған. Соның ішінде 68 іс сотқа жолданған.

– Көлеңкелі экономика – қоғамның барлық саласына әсер ететін күрделі мәселе. Сондықтан онымен күрес тек қылмыстарды ашумен шектелмейді. Біз алдын алу, түсіндіру, кәсіпкерлермен және уәкілетті органдармен бірлескен жұмыстарға басымдық беріп отырмыз, – деді Жағыпар Исатаев.

Спикердің айтуынша, 2025 жылы акцизделетін темекі өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 3,7 миллиард теңгеден асатын деректер анықталып, 45 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар, қаржылық пирамидалар мен заңсыз ойын-сауық бизнесіне қарсы күрес те күшейтілген. Аталған бағытта 4 қылмыстық іс қозғалып, интернет кеңістігінде 6 мыңнан астам сілтеме бұғатталған, ал мессенджерлерде заңсыз әрекетке қатысы бар бірнеше чат жабылған.

Алдын алу шараларына да ерекше мән беріліп келеді. Облыс бойынша оқу орындарында қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздікке арналған дәрістер, форумдар, ауқымды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Нәтижесінде тұрғындардың қаржылық пирамидаларға тартылу деңгейі төмендегені байқалады.

Брифинг соңында спикерлер кәсіпкерлер мен тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, күмәнді қаржылық жобалардан сақ болуға шақырды. Экономикалық құқықбұзушылықтар туралы «AFM Insider» телеграм-боты арқылы немесе сенім телефондарына хабарлауға болатыны айтылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі тұщымды жауаптар алды.