Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қаржылай қолдау күшейтілуде
Ауылшаруашылығы – ел экономикасының тірегі. Мемлекет басшысының 2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын ерте қаржыландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы белсенді жүзеге асуда. Аталған бастама шаруаларға дала жұмыстарына дер кезінде дайындалып, тұқым, тыңайтқыш, техника сатып алуға және қажетті агротехникалық шараларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік беріп отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
2024 жылғы 29 қарашадан бастап өтінімдер қабылдана бастады. Жалпы алғанда көктемгі егіс және күзгі жиын-терін науқандарын қаржыландыру үшін 700 миллиард теңгеге дейін қаражат бағыттау жоспарланған. Оның ішінде 560 миллиард теңгеге жуығы нарықтық капитал көздерінен тартылып отыр.
Бүгінгі күнге дейін бұл бағдарлама арқылы 6100 ауылшаруашылығы өндірушісі 382,5 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды. Қазіргі таңда жалпы сомасы 480,5 миллиард теңгені құрайтын 7000-ға жуық өтінімнен тұратын пул қалыптасқан. Үкімет қолға алған жүйелі шаралардың нәтижесінде шаруалар қаржыға бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл әрі қолайлы шарттармен қол жеткізе бастады.
Қаржыландыруға қатысатын қаржы институттарының саны артты. Бұл – бағдарламаға қатысушылар аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда жеңілдетілген несие рәсімдеп, оны өтеу үшін шаруалар бірнеше қаржы ұйымдарының қызметін пайдалана алады.
«Аграрлық несие корпорациясы» «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жылдық 5 пайыз жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен несиелеуді жалғастыруда. Бұл бағытта Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары белсенді жұмыс істеуде. Аталған өңірлік құрылымдар арқылы ауылшаруашылығы өндірушілерін қолдауға 165,3 миллиард теңге бөлінген.
Қаржыландыруға қолжетімділікті одан әрі арттыру мақсатында несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру тетігі іске қосылды. 2025 жылдың өзінде жалпы сомасы 159 миллиард теңгені құрайтын несиелерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан 135,2 миллиард теңгеге 943 кепілдік берілді.
Сонымен қатар, ауылшаруашылығы техникасын жеңілдетілген шарттармен лизингке алу мүмкіндігі де қарастырылған. Жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жүзеге асырылатын бұл бағдарламаға 2025 жылға арналған жалпы қаржыландыру лимиті – 200 миллиард теңге. Бұл шамамен 6000-нан астам отандық техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 120 миллиард теңгеге 3200 өтінім қабылданса, оның 60,7 миллиард теңгесіне 3435 техника бірлігін сатып алуға 1823 шарт жасалған.
Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бұл кешенді шаралар ауылшаруашылығы саласының тұрақты дамуына, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.