Көктемгі дала жұмыстары қызу қарқынмен жүріп жатыр

0 108

Көктем – ауылшаруашылығы үшін жауапты әрі маңызды кезең. Өнім көлемі мен сапасы тікелей осы мезгілдегі агротехникалық шаралардың уақытылы және сапалы орындалуына байланысты. Қазіргі таңда өңірдегі көктемгі егіс науқаны қарқын алып, барлық аудандарда дала жұмыстары белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі таратқан мәліметке сүйенсек, биыл өңір бойынша егістік жер көлемі 137,8 мың гектарды құрайды. Оның ішінде күздік бидай – 17 мың, жаздық арпа – 39 мың, көкөніс – 4,07 мың, картоп – 2,8 мың, дәндік жүгері – 8 мың гектарға егілмек. Бұдан бөлек, бақша дақылдарына – 0,3 мың, қант қызылшасына – 0,63 мың, сафлор дақылына – 0,2 мың гектар жер бөлінген.

Салыстырмалы түрде қарасақ, биылғы егіс құрылымында бірқатар дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайса, кейбірі экономикалық немесе ауа райына байланысты азайтылған. Бұл – аграрлық саладағы жоспарлаудың икемді және жағдайға бейімделе жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Аудан бойынша мал азығы дақылдарын өсіру де назардан тыс қалған жоқ. Жоспарға сәйкес, мал азығы 103,4 мың гектардан жиналмақ. Сонымен қатар, жер құнарлығын арттыру үшін 13,2 мың тонна минералды тыңайтқыш қолдану көзделген.

Су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы мақсатта ауданда 18 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 000 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылмақ. Бұл қадам – су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған тиімді әдіс.

Биылғы науқан шеңберінде өңірде бірқатар инвестициялық жобалар да жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, тауарлы сүт фермасы мен мал бордақылау кешенін іске қосу, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, заманауи ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу және көкөніс сақтау қоймаларын ашу жоспарланған. Сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында да нақты жұмыстар атқарылмақ.

Жалпы, 2025 жылға дейінгі жоспарлар өңірдің агросекторының барлық бағытын қамтиды. Жаңа технологияларды енгізу, өндіріс көлемін ұлғайту, инфрақұрылымды жетілдіру секілді міндеттер нақты кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне оң әсер етеді деген сенім бар.