Көктемгі дала жұмыстары қызған шақ

0 143

Көктемнің әр таңы – үміт пен еңбекке толы. Шұғыласы мол күн, самал жел мен сайраған құстар үнімен астасқан даланың көрінісі адам жанын жылытары анық. Осындай табиғи үйлесім мен тіршіліктің қызған шағында Қордай ауданында көктемгі-дала жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылы бұл науқанда белсенділік танытып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Ауылдағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Жанмар» шаруа қожалығы көктемгі науқанға тыңғылықты дайындықпен келген. Қожалықты көп жылдан бері тәжірибелі аграршы Жолдасбай Әміржанов басқарып келеді. Шаруашылық негізінен егін шаруашылығымен айналысады: 17 гектар суармалы алқапқа жоңышқа мен жүгері, 50 гектар багаралы жерге арпа мен бидай себіледі.

Қожалық құрамындағы жас механизатор Айдар Құсманғалиев — техника тізгінін шебер меңгерген, жерді сүйетін еңбекқор жастардың бірі. Ол осы салада он жылға жуық тәжірибе жинаған. Айдардың айтуынша, көктемгі-дала жұмыстарының табысты болуы – техниканың жарамдылығы мен уақытты тиімді пайдалануға тікелей байланысты.

«Жанмар» шаруа қожалығы көктемгі егіске алдын ала дайындалып, қыс бойы техникаларды жөндеуден өткізіп, тұқым мен тыңайтқыш қорын жасақтап қойған. Айта кетерлігі, шаруашылықта барлық техника – трактор, комбайн, КамАЗ жүк көліктері мен тіркемелер жеткілікті, әрі оларды басқарушылар да – осы салада ысылған өз ісінің мамандары.

Қазір Жаңатұрмыс ауылының егістік алқаптарында таңғы самалмен жарысып, ауыр техника тынымсыз еңбек етуде. Жер жырту, тырмалау, тыңайту, тұқым себу және гербицидтік өңдеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Қожалық еңбеккерлері барлық процестің өзара үйлесімді орындалуына аса мән береді.

Шаруашылықтың өткен жылғы көрсеткіштері де көңіл қуантады: әр гектардан орта есеппен 2 тоннаға дейін арпа мен бидай өнім алған. Бұл – Қордай өңірінің табиғи-климаттық жағдайын тиімді пайдаланудың, сондай-ақ еңбекке деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.

«Ең бастысы – істі сүйіп, шын беріліп атқару. Жер ана еңбекті бағалайды» – дейді жас механизатор Айдар Құсманғалиев.

Иә, көктем – еңбек маусымы. Дала төсіндегі тынбайтын тірлік – ауылшаруашылығы саласының негізгі тірегі. Қордайлық шаруалар уақытпен санаспай, бір мақсат – мол өнім үшін жұмыс істеуде. Бұл – ел игілігі жолындағы шынайы еңбек.