Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – басты назарда
Меркі ауданында, жалпы облыс көлеміндегідей, құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілінсіз көшеде, ойын-сауық мекемелерінде жүруінің алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жуырда осындай кезекті рейд барысында екі әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталды. Жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, олардың ата-аналарына заң талаптары тағы бір мәрте түсіндірілді.
Рейдке қатысушылар ата-аналар мен балаларға жауапты тұлғаларға, сондай-ақ компьютерлік клубтар мен ойын-сауық орындарының иелеріне заң талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті. Себебі, ата-ананың бақылауынсыз жүрген балалар түрлі келеңсіз жағдайларға тап болып, жат әрекеттердің ықпалына түсіп кетуі мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Айта кетейік, жаңа талаптарға сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың кешкі және түнгі уақытта ата-анасыз жүруіне заңмен шектеу қойылған. Мұндай құқықбұзушылық үшін ата-аналарға айыппұл салынып, кей жағдайда отбасы мүшелері ішкі істер органдарының арнайы есебіне алынуы мүмкін.
Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде бұл талаптарды ескермеу салдары ауыр болуы мүмкін. Себебі, балалар бос уақытын көбіне сыртта өткізеді. Сондықтан ата-аналар мен барлық жауапты тұлғалар балалардың қауіпсіздігіне айрықша мән бергені жөн.
Тек бірлесе әрекет еткенде ғана біз өсіп келе жатқан ұрпақты ойсыз қадамдар мен келеңсіз оқиғалардан арашалай аламыз.