Кеңес ауылында Жеңістің 80 жылдығына орай ескерткіш орнатылды
Жамбыл облысы, Меркі ауданына қарасты шекаралық аймақта орналасқан Кеңес ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тағылымды шара өтті. Ауыл ақсақалдары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл әкімдігінің бастамасын ауыл тұрғындары бірауыздан қолдап, ауыл ортасына Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнату туралы шешім қабылданды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
9 мамыр күні Кеңес ауылы үшін ерекше тарихи күн болды. Ауыл тұрғындары мен аудан басшылығы, құрметті қонақтардың қатысуымен жаңа ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Бұл ескерткіш – майданнан аман оралған аталарымызға, тылда еңбек еткен аналарымызға, бейбіт өмірде ауыл игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтарға арналды. Олар – өз өмірін ардақтап өткеріп, артына өнегелі із қалдырған жандар. Бүгінде олардың есімдері тасқа қашалып, мәңгілікке хатталды. Енді бұл орын – туған-туыстары, ауылдастары мен кейінгі ұрпақ тағзым етіп, құрмет көрсететін киелі мекенге айналды.
Игі істің жүзеге асуына бүкіл ауыл тұрғындары жұмыла атсалысты. Ескерткіш ашу жөніндегі бастаманы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Байдәулетов және құрылған арнайы комиссия белсенді түрде жүзеге асырды. Ауыл әкімі Бек Қойшыбаев пен қоғам белсендісі, ауылдағы қоғамдық ұйымның төрағасы Нұрмағамбет Жармағанбетов бұл игі істі жүзеге асыруда үлкен қолдау көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарында белсенділік танытты.
Салтанатты шара барысында сөз алған Нұрмағамбет Жармағанбетов бұл ескерткіштің әрбір ауыл тұрғыны үшін ерекше рухани маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай естелік нысандар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, тарихты құрметтеуге тәрбиелеудің тиімді жолы. Сонымен қатар, ол Кеңес ауылының шекаралық аймақта орналасқанын еске салып, бұл фактордың да маңызды екенін айтты. Шекара қызметі – ел қауіпсіздігі мен егемендігін күзететін маңызды құрылым. Олар заңсыз көші-қонмен, контрабандамен, адам саудасымен және басқа да шекаралық құқықбұзушылықтармен күрес жүргізеді. Сондықтан да, Шекара қызметінің бұл шараға қатысуы да ерекше мәнге ие болды.
Ескерткіш ашылғаннан кейін мәдениет үйінде жалғасқан мерекелік концертте ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алып, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті. Кейін мешітте өмірден өткен майдангерлер мен соғысқа қатысушылардың рухына Құран бағышталып, ауыл ақсақалдары ақ баталарын берді. Олар бұл естелік шараның – бейбіт өмір сыйлаған бабалар рухына деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.