Ішкі істер министрлігіне жаңа өкілеттіктер берілді

0 176

Қазақстан Үкіметі ІІМ қызметін кеңейтуге бағытталған қаулы қабылдады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2025 жылғы 10 сәуірде Ішкі істер министрлігі туралы Ережеге өзгерістер енгізу жөніндегі қаулыны қабылдады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Аталған құжатқа сәйкес, Ішкі істер министрлігінің өкілеттігі бірқатар жаңа функциялармен толықты. Енді министрлік:

  • күзет қызметі саласындағы салалық біліктілік шеңберін әзірлейді немесе өзектендіреді;
  • осы саладағы кәсіби стандарттарды әзірлейді және жаңартады;
  • кәсіби біліктіліктерді тану саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы кәсіби стандарттарды бекітеді;
  • кәсіби стандарттарды әзірлеу немесе жаңарту жөнінде ұсыныстар дайындап, оларды уәкілетті органға жолдайды;
  • салалық кәсіби біліктілік кеңестері туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
  • кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар енгізеді;
  • облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісім негізінде еңбек нарығында қазіргі және келешектегі кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, кәсіби біліктіліктерді тану қажеттіліктерін қалыптастырады;
  • кәсіби біліктіліктерді тану шарттары бойынша уәкілетті органға ұсыныс енгізеді;
  • ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты жоспардан тыс аттестаттаудан өткізу тәртібін, кезеңдерін және мерзімдерін бекітеді;
  • қызметке кандидаттың кәсіби құзыреттілігін, негізгі көрсеткіштерін анықтау әдістері мен оның бәсекеге қабілеттілік деңгейін (цифрлық рейтингін) есептеу тәртібін әзірлеп бекітеді;
  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік орган анықтайтын есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды азаматтарға босату құқығы берілген лауазымдар мен ұйымдардың тізбесін келіседі;
  • өз құзыреті шегінде азаматтардың петицияларына жауап береді;
  • құқық қорғау органдарымен және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган басшысымен бірлесіп, психологиялық-әлеуметтік зерттеулер жүргізудің тәртібі мен әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
  • құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, сондай-ақ қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің кәмелет жасына толмаған балаларын Астана және Алматы қалаларында орналасқан ІІМ-нің медициналық мекемелеріне жолдау тәртібін белгілейді.

Сонымен қатар, қаулыда министрдің құзыретін нақтылайтын тармаққа да өзгеріс енгізілді. Жаңа редакцияда:

Министр облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың полиция департаменті бастықтарын тағайындайды – бұл тағайындау құқық қорғау қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.