Инфрақұрылымдық жұмыстар партия бақылауында

0 107

«AMANAT» партиясы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Басқосуда Тараз қаласы аумағында атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысы, құрылыс сапасы және халық үшін маңыздылығы талқыланды.

Комиссия мүшесі Бақыт Әлмұратовтың айтуынша, жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында бірнеше олқылықтар мен талаптарға сай келмейтін тұстар анықталған. Мысалы, «Арай» алқабында салынып жатқан жаяу жүргінші жолдары белгіленген стандарттарға сәйкес келмесе, әл-Фараби көшесінде жол жөндеу жұмыстары аяқталған соң, құрылыс қалдықтары дер кезінде шығарылмаған. Бұл мәселелер жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр.

Аталған сын-ескертпелерге жауап ретінде Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабеков тиісті жұмыстардың барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылы қала аумағында жалпы ұзындығы 35,3 шақырым болатын 12 жаңа жаяу жүргінші жолын салу көзделген. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, Рысбек батыр көшесінде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары басталған.

«Халықтың қатысуымен абаттандыру» жобасы аясында «Ұлы Дала» шағынауданы маңындағы «Түйте» каналының 1,7 шақырымы абаттандырылып, пайдалануға берілді. Келешекте «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдары кезең-кезеңімен жөнделеді деп жоспарлануда. Ал, «Сеңкібай» каналына механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда қаладағы арық жүйелерінің басым бөлігі тозған. Осыған байланысты оларды қалпына келтіру жұмыстары Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері мен «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары және «Химпоселок» аумағында жүйелі түрде қолға алынған.

Комиссия отырысында айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер ескеріліп, алдағы уақытта жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімі партия тарапынан тұрақты бақылауда болатыны айтылды.

Партия мүшелері халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – басты міндет екенін айтып, жергілікті билік пен мердігер ұйымдарды жауапкершілікке шақырды.